Мемлекетке қайтарылған қаражатқа Алматыда мәдениет орталығы салынады
Шымкентте мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған
Мемлекетке қайтарылған 12 млрд теңгеге төрт әлеуметтік нысан салынады. Бұл туралы Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті хабарлады.
Қазірге дейін заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару аясында 4 келісімге қол қойылды.
Соның бірі – Алматы қаласында заманауи мәдениет орталығын салу жобасы.
Оның ауданы 3 мың шаршы метрден асады және арнайы залдар мен әмбебап көрме алаңдарын, білім беру және демалыс орындарын қамтиды.
Объект іске қосылғаннан кейін жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан келушілерге тегін репетициялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі деп жоспарланған.
Тағы бір нысан – Шымкентте мұқтаж отбасыларды одан әрі қамтамасыз ету үшін мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй құрылысы.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлады комитет.