Құрылыс «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатыр
Ақтөбе облысындағы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан мектеп құрылысының сапасына қатысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек дереу тексеріс бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Депутаттың атына жіберілген оқырман видеосында Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ елдімекенінде «Самрұқ-Қазына» АҚ «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан мектептің жай-күйі бейнеленген.
Оқырманның айтуынша соғылып жатқан мектептің бетон армобелдеуі саусақпен шұқыса үгітіліп жатыр.
Аталған мектепті соғу барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының іс-әрекетіне, техникалық бақылаушы мамандардың қорытындысы мен іс-әрекетіне, және мемлекеттік сараптама қорытындысы мен рұқсат құжаттарын дереу тексеріске аламыз, деп жазды депутат.
Оның сөзінше, жалпы, «Самрұқ-Қазынаның» АҚ-тың «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан мектептерін салу сапасын, қаржыны жоспарлау барысын жан-жақты тексеруді бастау керек. Жақын арада басқа аймақтарда мектептерді соғу барысын тексеріске алмақ.
Ал мына дерек бойынша құзырлы мемлекеттік органдармен тығыз жақын арада тексеру шараларын дереу бастаймыз! Тексеру барысын Парламент Мәжілісінің пленарлық жиналысында ашық жариялап, құқық қорғау органдарына жолдаймыз, деп жазды Бақытжан Базарбек.