Кәсіпорындар көмектен бас тартқаннан кейін ел бизнесінің жалпы шығыны 103,7 млрд теңгеден 93,7 млрд теңгеге дейін азайды
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1432 байланыс орталығына кәсіпкерлер тәртіпсіздік салдарынан келтірілген залал туралы ақпарат, фото және видеоларды жіберіп жатыр.
Сондай-ақ жұмысын тезірек бастау үшін кәсіпорындарын өздері қалпына келтіріп жатқан кәсіпкерлер бар. Олар зардап шеккен бизнес тізілімінен шығуды шешіп, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Осылайша, кәсіпорындар көмектен бас тартқаннан кейін алдын ала есеп бойынша жалпы шығын сомасы 103,7 млрд теңгеден 93,7 млрд теңгеге дейін азайды, – дейді «Атамекен» ҰКП.
10 өңірде 1731 зардап шеккен бизнес-субъект анықталды. Cоның ішінде 1591 субъект Алматы қаласында орналасқан. Зардап шеккен бизнес салалары: сауда – 1581, қаржы секторы – 71, қоғамдық тамақтану – 48, логистика – 26, БАҚ – 5.
Зардап шеккен кәсіпкерлерге Алматы кәсіпкерлерінің бастамасымен құрылған «Күшіміз бірлікте» қорынан да көмек көрсетіледі.
Бұған дейін OLX «жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған тауарларды сату жиілеп кетті» деген болатын.