Балабақша меңгерушілері мемлекетке 171 млн теңге залал келтірген
Антикор білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу үшін ақпараттық жүйелерді енгізді
Балабақша меңгерушілері мемлекетке 171 млн теңге залал келтірген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, 2023-2024 жылдары бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасаған 24 балабақша меңгерушісі әшкереленген. Олар мемлекетке 171,4 млн теңге залал келтірген.
Осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, мектепке дейінгі мекемелерде жемқорлық факторларын болдырмауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді енгізу жөніндегі жобаларды іске асырып жатыр.
Алматы және Қызылорда облыстарында жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылатын электрондық табельді қалыптастыра отырып, биометриялық сәйкестендіру және QR-код тетіктері пайдаланылады. Қабылданған шаралар жалған балабақшалар құрудың алдын алуға, мектепке дейінгі мекемелерге іс жүзінде бармайтын балаларды тіркеуден шығаруға және бюджет қаражатының шамамен 3,8 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді, – делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар, Білім министрлігі Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асырып жатыр.
Тараз қаласында бұл жоба балаларды балабақшаларға қабылдау процесін автоматтандыруға, ваучер алу кезегін нөлге дейін қысқартуға, балабақшаларға іс жүзінде бармайтын 9 мыңға жуық баланы анықтауға және екі айда 600 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді, – делінген ақпаратта.