Halyq Uni логотип
×

2025 жылы жаңа бизнес-идеяны іске асыруға 9 мың грант беріледі

Соңғы жылдары қанша грант берілгені белгілі болды

 Қымбат Елтайқызы 23.10.2024 | 12:29
2025 жылы жаңа бизнес-идеяны іске асыруға 9 мың грант беріледі
фото: Halyq Uni

Келесі жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 9 мың грант беру көзделіп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 39 763 грант берілді. Гранттардың жалпы санының үштен бір бөлігінен астамын көп балалы отбасылар алды. Соңғы үш жылда барлығы 38 мың грант беру жоспарланған болатын, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Грант алушылардың санаттары бөлінісінде 16 734 грант көп балалы отбасыларға, 5 142 грант – мүгедектігі бар адамдарға, 3 498 – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 1 611 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 1 024 – асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға, 11 754 – басқа санаттарға берілді. Гранттардың ең көп саны Қызылорда (6,5 мың), Түркістан (6,4 мың) және Жамбыл (4,7 мың) облыстарында, ең аз саны – Ұлытау (286) және Қостанай облыстарында (963) берілді. Өтеусіз гранттар: мал шаруашылығына – 13 467, өсімдік шаруашылығына – 474, қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын – 9 488, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 15 678, үй-жайды жалға алуға – 656 берілді.

Көптеген қазақстандық грант алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асырып жатыр. Осындай мысалдардың бірі Алматы облысының тұрғыны Жанар Иманбаева болды. Ол 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алды. Көпбалалы ана «Хадиша дәмдері» ЖК тіркеп, құрал-жабдықтар сатып алып, жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашты.

Мен 2023 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан сәтті өтіп, сертификат алдым. «Мұздатылған жартылай фабрикаттар» жобасын қорғап, грант алдым. Бөлінген ақшаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Бүгінгі таңда менің цехымда 5 адам жұмыс істейді. Жартылай фабрикаттарды ұсыну үшін мектеп асханаларымен 4 келісім-шарт жасалды. Мен мемлекетке мүмкіндік үшін алғыс айтамын, болашақта өз бизнесімді кеңейтуді жоспарлап отырмын», – деп бөлісті әйел.

Тағы бір сәтті мысал – елордалық Бота Тұрарбаева. 2023 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, конкурсқа қатысып, 400 АЕК көлемінде грант ұтып алды. Алған ақшаға жеміс-жидектерді, тәттілерді сублимациялауға арналған құрал-жабдықтар сатып алып, қазіргі таңда азық-түлік флористикасымен айналысады.

«Үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын. Мен ұстаздық қызметте жүргенде науқас балалар мен гемоглобині төмен аналарды жиі байқадым. Мен неге дәмді және пайдалы тәттілерден сыйлықтар ойлап таппасқа деп ойладым. Декреттік демалыста болған кезде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтап және қосымша азық-түлік флористика курсын оқыдым. Алынған қаржының арқасында құрал-жабдықтар сатып алып, жобамды жүзеге асыра бастадым», – дейді ол.

Оның айтуынша, өз дағдыларын одан әрі дамыту үшін ол шоколад пен үй зефирін жасау бойынша кондитерлік курстардан өтті. Қазіргі уақытта кәсіпкер өз бизнесін кеңейтіп, Botadan syi студиясын ашты, сондай-ақ тағы екі әйелді жұмыспен қамтамасыз етті.

Қайтарымсыз гранттар конкурстық негізде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өтініш берілгенге дейін жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде (тіркеу мерзімі үш жылдан аспайтын) тіркелген жағдайда беріледі. Гранттар тұтыну мақсаттарына, кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама