Әскери қызмет өткергеннен кейін тегін оқуға мүмкіндік алғандар тізімі шықты
Олар былтыр күзде әскерге шақырылған еді
Мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін тегін оқуға арналған сертификат иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл 2023 жылғы күзгі шақыру бойынша қызмет өткергендер тізімі. Енді олар тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Бір жарым мың орынға 2023 жылғы күзде әскерге шақырылған мерзімді қызметтің 17 927 сарбазы үміткер болған. Конкурсқа Қорғаныс министрлігінен 8 169, Ұлттық ұланнан 6 441, Төтенше жағдайлар министрлігінен 315, Шекара қызметінен 2 715, Мемлекеттік күзет қызметінен 287 сарбаз қатысқан, – деп қосты ведомство.
Күштік құрылымдар «әскери бөлімдері сарбаздарының қызметтің барлық кезеңіндегі үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелері енгізілген «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етті» деп мәлімдеп отыр.