Қостанайда екі шетелдік алаяқ қылмыс үстінде ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Олардың нақты қандай алаяқтықпен айналысқаны белгілі болды

фото: polisia.kz

Қостанай қаласының полициясы екі шетелдік дропперді құрықтау операциясын жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шілдеден бастап Қазақстанға келген 30 жастағы көршілес елдің азаматы Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында алаяқтар жымқырған ірі көлемдегі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Кейін ол ақшаны Тelegram арқылы «кураторлар» жіберген банк карталарына аударған, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Оның 21 жастағы көмекшісі өзінің қылмыстық әрекетін сыбайласынан тәжірибе жинау арқылы бастады. Екеуі де қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде қолға түсті. Жеке тінту барысында олардың жалдамалы пәтерінде тәртіп сақшылары үшінші тұлғалардың телефондары мен банк карталарын тәркіледі, – деп қосты ведомство.

Ұсталғандардың бірнеше алаяқтық фактісіне қатысы бар екені анықталды. Полицейлер тергеуді жалғастырып жатыр.