Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр
Ақтөбе облысының балабақшаларында бюджет қаражаты қолды болған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратурасы мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады. Қаржы жұмысшыларға қосымша сыйақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы қолды болған.
Ақпаратқа сәйкес, басшыларға сыйақы беру туралы бұйрықтарда қаржы көлемі асыра көрсетілген. Сондай-ақ жалақы белгіленген нормадан тыс аударылып, аударымдарды қайталап іске асыру, жалған іссапарлар рәсімделген.
Сонымен қатар, есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іс-сапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Осы қаражат есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аудан прокуратуралары аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушісі мен 4 есепшісіне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен («Аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.