Тергеу барысында 21 млн теңге шығын дәлелденді
ҚТЖ ревизорлық комиссиясы ішкі тексерулер барысында «ҚТЖ»ҰК» АҚ – «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалынан қызметкерлердің формальды еңбек қызметінің (өлі жандар) фактілерін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілді. Осы фактіге қатысты Астана қаласы бойынша cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тергеу барысында 21 млн теңге шығын дәлелденді.
Филиал басшысының тапсырмасы бойынша формальды жұмыспен қамтылған адамдардың «жеке тұрғын үй құрылысына қатысқаны» анықталды. ҚТЖ жәбірленуші тарап деп танылды. Қазір іс материалдары Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. ҚТЖ тергеуге толық көмек көрсетеді, - делінген хабарламада.