Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда қай өңір тұрғындарының жиі несие алатыны белгілі болды

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындары ең аз несие алған

 Еркеғали Болатұлы 13.06.2022 | 17:01
Қазақстанда қай өңір тұрғындарының жиі несие алатыны белгілі болды
фото: ашық дереккөз

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазір проблемалық несиелерде төмендеу үрдісі айқын байқалады.

Ұлттық банктің мәліметінше, банктердің тұтынушылық мақсаттарға арналған несие портфелі 6,3 триллион теңге болды. Оның 546 миллиарды қысқа мерзімді, 5,7 триллионы ұзақ мерзімді, яғни 1 жылдан астам мерзімге алынған.

Осы деректерге сүйене отырып, ең көп несиені алматылықтар алған деген қорытынды жасауға болады. Одан кейінгі орында елордалықтар мен шымкенттіктер тұр. Ал Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындары ең аз несие алған.

1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 22 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның 14-і – шетелдің қатысы бар банктер, 11-і еншілес банктер.

2022 жылғы наурызда жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,2 прайыз өсіп, 11,2 трлн теңгеге жетті. Ұлттық валютадағы несиелер көлемі 2022 жылғы наурызда 1,7 пайыз өсіп, 17,4 трлн теңге болды. Шетел валютасындағы несиелер көлемі негізінен теңге бағамының 495 теңгеден 467 теңгеге дейін нығаюы нәтижесінде 1,9 трлн теңгеге дейін (8%) қысқарды. Теңгедегі несиелердің үлесі 2022 жылғы 1 наурызда 90,3 пайыз болды. 2022 жылдың наурыз айында 1,9 трлн теңгеге жаңа несиелер берілді. Бұл 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық.

Наурыз айында жеке тұлғаларға ұлттық валютада берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 18 пайызға дейін төмендеді. Ал 1 наурыздағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 18,4 пайыз болды.

Наурыздың аяғында 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың жалпы несие портфеліндегі үлесі 3,6 пайыз (2022 жылдың басында – 3,3%) болды. Жеке тұлғалар портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар деңгейі 3,7 пайыз болды.

Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі агенттік құрылғаннан бері проблемалық несиелер көлемінің төмендеу тенденциясы айқын байқалатынын хабарлады. Агенттік мұны кейбір ірі ойыншылардың нарықтан кетуімен, сонымен қатар кейбір банктердің провизиялар есебінен проблемалық несиелерді есептен шығаруымен байланыстырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама