Пойызда бір күнде бірнеше ұрлық жасаған жігіт ұсталды
Ол жолаушылардың жеке заттарын жымқырған
Қарағанды базарларының бірінде тәртіп сақшылары пойызда бірнеше рет жолаушылардың жеке заттарын ұрлаған күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, күдікті ер адам Көкшетау – Қызылорда пойызында Астанадан Қарағандыға бара жатқан жолда жолаушылардың ұйықтап жатқан сәтін пайдаланып, үш телефон мен жеке заттары салынған сөмкені ұрлап үлгерген.
Сақшылар сол күні түстен кейін күдіктіні дереу қолға түсірді. Оның қолында ұрланған телефондар мен сөмке болған. Ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да ұрлыққа қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр, – делінген ақпаратта.
Ішкі істер министрлігі жол бойында азаматтардың мүлкі мен тыныштығын сақтайтын қарапайым қауіпсіздік шараларын еске салады:
- Мүлікті қараусыз қалдырмау, қырағы болу және бағалы заттарыңызды өзіңізбен алып жүру немесе қауіпсіз жерде ұстау өте маңызды;
- Заттарыңызды бейтаныс адамдарға сеніп қалдырмаңыз;
- Ақшаға құмар ойындарға қатыспаңыз;
- Үлкен көлемдегі қолма-қол ақшаны алып жүрмеңіз, банк қызметін пайдаланыңыз. Әйтпесе, ақшаны бірнеше бөлікке бөліп, сөмкеңіздің әртүрлі жерлеріне жасыру керек;
- Пойызда ұры кез келген адам болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн – жас әйел, қарт адам немесе тіпті жасөспірім.
Егер пойызда кез келген заңбұзушылыққа тап болсаңыздар, бірден жолсерікке және полицейлерге жеткізу керек.