Елордадағы жәрмеңкеде үш өңірдің өнімдері сатылады
Кезекті жәрмеңке өтеді
Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде үш аймақ өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, 19-20 қазан, яғни осы демалыс күндері Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары бас қалаға 1200 тоннадан астам өнім әкеледі.
Бұл жолы өнімнің 735 тоннадан астам үлесін Солтүстік Қазақстан облысы әкеледі. Оның үштен бірі – картоп пен көкөніс. Сондай-ақ, солтүстіктік фермерлер барлық түрдегі ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, шұжық және макарон өнімдерін әкеледі. Шығыс Қазақстан облысы елорда тұрғындары мен қонақтарын аймаққа әйгілі балмен қуантады, бұл – шамамен 70 тонна. Бұған қоса, 40 тоннаға жуық жануарлар мен құс еті және т.б. әкеледі, – деп қосты ведомство.
Қарағанды облысының аграршылары 400 тоннаға жуық өнім ұсынады, оның жартысы – картоп пен көкөніс. Сонымен қатар, барлық түрдегі ет, елордалық дүкендерде сұранысқа ие сүт өнімдері, балық және басқа да өнімдер бар.
Астана тұрғындары мен қонақтары өнімдерді нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алып қана қоймай, бұнымен бірге аталған өңірлерден келген әртістер қатысатын концерт тамашалай алады. Жәрмеңке 9:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы орында өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін жәрмеңкелерді өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары жүреді. Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.