Оларға түрлі жаза қолданылды
Шал ақын ауданының прокуратурасы алимент төлемдерін және мемлекет кірісіне өндірілуге жататын сомаларды төлемеу фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аудан прокуратурасы биылғы жылдың өткен кезеңінде қадағалау актісімен алимент төлемдері бойынша 8,4 млн теңге және мемлекет кірісіне 2,3 млн теңге берешек өндірді, деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 669-бабына сәйкес, 3 борышкер 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, 2 проблемалық борышкер Қылмыстық кодекстің (ҚК) 139, 430-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп қосты ведомство.
Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы асырау бойынша алименттік міндеттемелерін 7 айдан астам орындамау салдарынан 2,6 млн теңге қарызы бар борышкер «С»-ға Шал ақын аудандық сотының 06.05.2024 ж. үкімімен ҚК-нің 139-бабы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Басқа жағдайда, заңды күшіне енген сот шешімін 6 айдан астам орындамағаны үшін борышкер «A» ҚК-нің 430-бабы бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, аудан прокуратурасы борышкерлерді жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеді. Атап айтсақ, әр айдың 10-күні Жастар бастамалары орталығында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткізіліп, борышкерлерге бос жұмыс орындары ұсынылады. Аудан прокуратурасы борышкерлерді қарыздың пайда болуына жол бермей, балаларының алименттерін, мемлекет алдындағы берешектерін дер кезінде төлеуге шақырады.