Halyq Uni логотип
×

Сарапшылар Астана әуежайындағы жөндеудің мерзімінен бұрын аяқталғанына күмәнмен қарайды

Стратегиялық нысанды күрделі жөндеуге 20 млрд теңге бөлу жоспарланған

 Ербол Тұрымбет 14.10.2024 | 10:28
Сарапшылар Астана әуежайындағы жөндеудің мерзімінен бұрын аяқталғанына күмәнмен қарайды
Коллаж: Halyq Uni

Астана әуежайының ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуі жоспарланған мерзімінен ерте аяқталды. Сарапшылар күрделі жөндеудің сапалы жүргізілгеніне күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу мәселесі қоғамда әлі сөз болып келеді. Әуежай баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда, жабындарын ауыстыруды қажет ететін аумақтары және ауыстыруды қажет ететін жүйенің компоненттері бастапқы кезеңдерде анықталып, сәйкесінше орындалған. Жол төсеміне келсек, ұшу-қону жолағы мен бұрмалы жолдарда жұмыстар 100% біткен. Ал перрондағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Дегенмен, сала сарапшылары әуелде сөз болған жоспардың толық орындалғанына үлкен күмәнмен қарайды.

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтің айтуынша, ұшу-қону жолағының үстіңгі асфальтының қалыңдығы 15-20 см болса, оның астыңғы және үстінгі қабаты бар. Онда бірнеше тас түрі төселіп, арасына тастардың фракциясын ұстап тұратын тор қойылады. Соның үстіне арнайы жабын түседі. Аталған жолақ 2003 жылы салынған. Одан бері 8-10 жылда ауыстырылып тұру керек болғанымен, ауыстыруға тиіс кемі 2 мерзім өтіп кеткен, қазір үшінші мерзімге кетіп барады.

Алдында «53 920 шаршы метр жасалды» деді. Демек, математикамен санағанда 1/3-і ғана жөнделді деген сөз. Оның өзінде, бұл күрделі жөндеуге жатпайды. Жәй қаупі бар жерлерін жөндеп шыққан. Әуелде күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін өздері айтқан. Енді күрделі жөндеу жасады ма, әлде жыл сайынғы қалыпты жұмысы ма, соны не министрлік, не әуежай нақты айтпайды, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, негізі астыңғы қабатын тәуелсіз сарапшы тексеріп, пайдалануға жарайтын не жарамайтынын айтып, қорытынды беру керек. Оны әуе кемесінің классификациялық саны (ACN) және әуежайдағы ұшу-қону жолағы жабынының классификациялық санының (PCN) арақатынасымен есептейді. Қалыпты жағдайда ұшу-қону жолағы ұшақ салмағын көтере алуы үшін осы PCN көрсеткіші ACN санынан асып тұруы керек. Осыны тәуелсіз сарапшының бағалауымен көрсетіп беру қажет. Егер жөндеу жұмыстарынан кейін PCN көрсеткіші көтерілсе, жақсы бағалауға болады. Ал егер сол қалпында қалып немесе төмендеп кетсе, онда лайықты деңгейде жөнделгеніне күмәнді сұрақ көбейеді.

Сондықтан, оның ойынша, әуежайда күрделі жөндеу жасалмаған. Жыл сайынғы жасалатын жөндеуін күрделі жөндеу деп көрсетіп отыр.

Оның арты қандай зардап әкелуі мүмкін? Әуежай жаз бойы түнде жұмыс істемеді, қаншама пайдадан қағылды. Әсіресе жүк тасымалдайтын ұшақтарымыз Астанадан басқа әуежайларға, көрші елдердің әуежайларына бұрылуға мәжбүр болды. Енді оларды қайта алып келе ала ма? Оның үстіне, күрделі жөндеу шынымен жасалмаса, келер жылы қайта жөндеп жатса, олар арлы-бері сабылып жүрмейді, сондықтан келе қоюы неғайбыл. Соның кесірінен қыруар пайдадан қағылып жатсақ, оның орнын кім толтырады? Қайта жөнделіп жатса, тағы ақша бөлу керек. Оған кім жауап береді?, – деген орынды мәселелерді көтерді.

Айта кетсек, биыл 30 мамырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астана әуежайын жөндеуге 20,3 млрд теңге қажет екенін айтқан еді. Әуежайды жөндеуге қажет 20 млрд теңгеден астам қаражаттың барлығы бюджеттен бөлінетінін мәлімдеген.

Астана әуежайын 2020-2022 жылдар аралығында басқарған, бүгінде Азаматтық авиация қауымдастығының президенті Ғабит Тәжімұратовтың айтуынша, әуежайды күрделі жөндеу үшін 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасалып қойған. Бірақ, ендігі жылға дейін қолға алынбаса, ол құжаттың жарамдылық мерзімі де өтіп кетеді.

Әуежайдың ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізу мен басқарып тұрған кезден бері айтылып жүрген мәселе. Кезінде соны жасатуға тиісті қаражат бөлдіре алмадық. Сондықтан жыл сайын бір айдың ішінде бітетін ағымдық жөндеумен шектеліп отырдық. Күрделі жөндеу жасау үшін көп қаражат пен көп уақыт керек. Ол жарты жылға жоспарланып, жұмыс ауқымына байланысты мерзімі одан да асып кетуі мүмкін. Өйткені, жұмыс беткі асфальтын сырып алып, қайта төсеп шығумен шектелмейді. Асфальттың астыңғы қабаты түгел қопарылып алыну керек, - дейді ол.

Сондықтан оның сөзінше, бұл жолы да нақты күрделі жөндеу жасалды деп айту қиын. Сонымен бірге, жарық сигналы жабдығының да соңғы рет күрделі жөндеу кезінде орнатылғанын айтады. Бүгінде 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған жабдықты ауыстыру қажет деп санайды.

Halyq Uni бас қаланың әуежайына қатысты осы мәселе бойынша елорда әуежайының басшылығына ресми сауал жолдады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама