Тағы бір пайдалы онлайн шара ұйымдастырылады
Tanda Enbek платформасында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Елімізде 18 қазан күні сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін мүгедектігі бар адамдарға арналған бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі өтеді. Tanda Enbek платформасында түрлі бизнес бағыт бойынша бос жұмыс орындары орналастырылады, деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бос орындар жәрмеңкесін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен IteachMe қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Ізденушілер жәрмеңкеге Enbek.kz платформасында тіркеліп, аккаунтқа кіргеннен кейін қатыса алады. Мұны жәрмеңке өткізілетін күні тікелей жасауға болады, – деп қосты ведомство.
Кәсіби жұмыскерді іздейтін жұмыс берушілер әлеуметтік жауапкершілікті арттыра отырып, алдын-ала тіркеуден өтуі керек. Бұл жұмыс берушіге компания туралы ақпарат, еңбек жағдайлары мен жеңілдіктері, жұмысқа орналасу ерекшеліктері және мүгедектігі бар азаматтарға жарамды бос жұмыс орындары жайлы мәліметі бар кәсіпорынның виртуалды стендін орналастыру арқылы ұйым туралы егжей-тегжей айтып беруге, оның ең күшті жақтарын көрсетуге көмектеседі.
Жәрмеңкеге қатысу жұмыс берушіге өзінің жеке кабинетінде жауап берген кандидаттардан түйіндемені сақтауға, мәтіндік форматта онлайн-әңгімелесу өткізуге және Tanda.Enbek.kz порталындағы жеке кабинетте бетпе-бет немесе бейне сұхбатқа лайықты кандидаттарды шақыруға мүмкіндік береді. Жәрмеңкеге қатысу үшін жұмыс берушіні тіркеу туралы толық нұсқаулық сілтемесі бойынша қолжетімді.