Павлодар балабақшаларында азық-түлік бағасымен байланысты заңбұзушылықтар анықталды
Нәтижесінде 30 млн теңге үнемделді
Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМӘТ) бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жүргізілген мониторинг барысында ЖШС-тің өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-нің негізгі жеткізуші болғаны анықталды.
Мектепке дейінгі мекемелермен (балабақшалармен) жасалған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан ӘМАТ-тың түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы:
- күнбағыс майы – 286% үстемақымен (453 тг/л-ден 1300 тг/л дейін);
- қарақұмық жармасы – 150% (240 тг/кг-нан 600 тг/кг дейін);
- қант – 93% (325 тг/кг-нан 630 тг/кг дейін);
- тауық жұмыртқасы-79% (430 тг/онд-тан 770 тг/онд дейін);
- тұз-66% (60 тг/кг-нан 100 тг/кг дейін);
- күріш – 36% (490 тг/кг-нан 670 тг/кг дейін);
- сары май – 22% (2075 тг/кг-нан 2550 тг/кг дейін).
Агенттік қабылдаған шаралар нәтижесінде аталған ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісім-шарттар жасасу мәселесі қаралып жатыр. Осылайша, үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгеден асты.
ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде Агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыр.