Теміртауда полицей қайтыс болған адамның банк картасынан ақша шешіп алған

Халық үні

Ол марқұмның банк картасын оқиға орнына барып, пәтерден табылған мәйітті тексеру барысында тауып алған

фото: Halyq Uni

Теміртау қаласында полицей оқиға орнындағы мәйіттің банк картасын алып, жеке мақсаттарға пайдаланған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Теміртау қалалық соты полиция қызметкері Ж.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ж. құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, қызмет бабын теріс пайдаланып, банктік картаны ұрлап, одан ақша шешіп алғаны үшін айыпталды.

Анықталғандай, Ж. есімді азамат Теміртау қаласы полиция бөлімінің криминалисті болып жұмыс істеп жүрген кезінде оқиға орнына барып, пәтерден табылған мәйітті тексеру барысында марқұмның «Халық Банкі» АҚ-на тиесілі банк картасын тауып алған. Ол картаның құпия нөмірлерін көріп, бұл мәліметтерді теріс мақсатта пайдаланып, кейін банк картасынан 182 мың теңге шешіп алған.

Прокурор Ж.-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап материалдық шығын өтелгендіктен, жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды және қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.

Сот Ж.-ны қылмыстық кодекстің «Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, Ж.-ны мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, пробациялық бақылау орнатылды.

Сот жәбірленуші тараппен татуласу нәтижесінде қылмыстық істі тоқтатты. Ж.-ның бұрын сотталмағаны, кәмелетке толмаған 3 баланың асыраушысы екені, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтегені ескерілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.