Қостанайда тауарды қымбат сатқан кәсіпкерге айыппұл салынды
Ол витрина мен кассада екі түрлі баға қолданған
Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрақты түрде әлеуметтік желіге мониторинг жүргізеді. Масс-медиа мониторингінің нәтижелері бойынша әртүрлі бағаның қолданылуы туралы хабарлама табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстың ірі супермаркеттерінің бірі 1 қазанда 6 888 тг/кг бағамен «Чечил» ірімшігін сатқан, ал баға белгісінде тауар бағасы 4 440 тг/кг деп көрсетілген, – деді Сауда және интеграция министрлігі.
Департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады. Соның негізінде супермаркет ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тауар бағасы сауда объектісінің ішкі, сыртқы витриналарына қойылған бағадан қымбат болғаны үшін 55 380 теңге сомасына айыппұл салынды.