Павлодарда 180 млн теңге бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағандар жазаланды
Тағы бір заңбұзушылық анықталды
Павлодар облысының прокуратурасы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің базалық бағаларын бекітті. Ақпараттық материалды газетке орналастыру бағасы (1 шаршы см үшін) 400 теңгені, интернет-ресурстарда орналастыру үшін (1 таңба үшін) 38 теңгені, теледидарда бір минут ішінде 39 500 теңге мөлшерін құрайды. Бұл ретте облыстың Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы аталған қызметтерді негізсіз жоғары бағамен сатып алып отырған, деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
Мысалы, газеттерде орналастырған үшін құны 3,5 есе (бағасы 1447 теңге), интернет-ресурстарда 7 есе (270 теңге), теледидарда 16 есе (633 862 теңге) қымбаттатылған, – деп қосты ведомство.
Прокурорлық ден қою шараларымен БАҚ қызметтерінің базалық бағасы қайта қаралды, бюджет қаражаты 180 млн теңгеге үнемделді, лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жазаға тартылды.