Теректі ауылында жедел штаб құрылған
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов Instagram-дағы парақшасында жерлестеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аудан басшысы алдымен жерлестеріне өрт сөндіру жұмыстары туралы ақпарат берді.
Құрметті аудан тұрғындары! Өздеріңізге мәлім, ауданымызда үлкен дала өрті болып жатыр. Осы өрт сөндіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін Теректі ауылында жедел штаб құрылған. Мен және облыс әкімінің орынбасары осы жердеміз. Жалпы өрт сөндіру жұмыстарына 386 адам, 64 техника, сонымен қатар, ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылған, - деді ол.
Артынша Әділжан Арғынов әлеуметтік желілерде өрт сөндіру жұмыстарына қатысты жалған ақпарат тарап жатқанын айтты.
Қадірлі жерлестер! Қазір әлеуметтік желілерде көмек көрсету немесе қаражат жинау бойынша әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Осыған орай, жауапты мамандар көмекті дұрыс үйлестірмеген немесе ұйымдаспаған деген ақпараттың жалған екенін ескерткім келеді. Қазір барлық қажетті күш-құралдарымыз жеткілікті. Сарбаздарымыздың тамағы, демалатын орындары, сонымен қатар, жанар-жағармай материалдары толық қамтамасыз етілген. Сондықтан қазір барлық өрт сөндіру жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылған, - деді ол.
Осы ретте аудан әкімі тұрғындарды сабырға және жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.