×

Қазақстанда «байлар» алкогольге «кедейлерге» қарағанда 23 есе көп жұмсайды

Ал темекіге 6 еседей артық төлейді

 Ербол Тұрымбет 14.09.2024 | 18:34
Фото: Halyq Uni

Орташа «бай» қазақстандықтар «кедейлерге» қарағанда азық-түлікке 4 есе, ал алкогольге 23 есе көп ақша жұмсайтын болып шықты. Сәуір-маусым айларында ең аз қамтылған азаматтар азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға айына орта есеппен 22,8 мың теңгеден, ал жағдайы әлдеқайда жақсы азаматтар – 89,4 мың теңгеден жұмсаған. Бұл туралы Бірінші несие бюросы телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қарап тұрсақ, 4 еседей айырмашылық бар. Бірақ азық-түлік тауарларының басқа түрлерінде алшақтық одан да көп. Айталық, әлеуметтік жағдайы ең аз қамтылған халықтың 10%-ы үшін темекі өнімдеріне жұмсалатын шығындар үй шаруашылығы мүшесіне небәрі 511 теңгені құрайды. Ал жағдайы әлдеқайта тәуір азаматтарда бұл көрсеткіш айына 2 900 теңгеден шығады.  

Аз қамтылған қазақстандықтардың әрбіріне есептегенде алкогольге жұмсайтын ақшасы айына 95 теңге болып тұр. Ал жағдайы жақсы азаматтардың әрқайсына есептегенде айына 2 200 теңгеден келеді.

Ұлттық статистика бюросындағы мәліметтер не дейді?

Биылғы екінші тоқсанда еліміз бойынша айлық жалақының орташа мәні 2023 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 10,3%-ға өсіп, 403 251 теңгені болған. 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда нақты жалақы индексі 101,7% құрап отыр. Ал медианалық мәнін бағалау бойынша бұл кезеңде орташа жалақы 278 296 теңге болып шыққан.

Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өскені Алматы қаласында тіркелген, мұнда 14,3%. Одан соң Ақтөбе облысында – 14,0%-ға, Павлодар облысында – 12,9%-ға, Шығыс Қазақстан облысында – 11,6%-ға артқан.

Былтырғы осы аралықпен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі қаржы және сақтандыру қызметінде – 23,3%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыста – 21,5%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 21,1%-ға артқаны байқалған. Одан соң өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 14,5%-ға өскен. Оның ішінде электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында – 24,6%-ға, сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет саласында – 23,1%-ға көтерілген.

Тек денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету, мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салаларында жалақы өсімі онша мардымай отыр.

Ал ең жоғарғы жалақыны кім алады дегенге келсек, салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2,2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 2 есе, ақпарат және байланыста – 1,6 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметінде – тиісінше 1,4 есе жоғары болып тіркелген.

Ерекше айта кететін жағдай, елімізде кедейлік шегінен төмен жағдайда табыс табатын азаматтар үлесі де аз емес. Статистика келтірілген аралықтағы мәліметтерге қарағанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,1% болып отыр. Кедейлік деңгейінің ең жоғары көрсеткіші өңірлер арасында Түркістан облысында (8,8%), ең азы – Атырау мен Қарағанды облыстарында (3%-дан) байқалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама