ҰБ басқаруындағы зейнетақы жинақтары инфляциядан әлдақайда жоғары пайда тапқан
Ең көбі бағалы қағаздар сыйақысынан түскен
Ұлттық банк басқаруындағы жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан бері 10,3% пайда тауып, сол аралықтағы инфляцияның 4,8% деңгейінен біраз асып түсіп, айтарлықтай табысқа кенелген. Бұл туралы Бірінші несие бюросы телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бірінші несие бюросының жазуынша, Жыл басынан бері инвестициялық табыс 1,9 трлн теңгеден асқан. Бұл дегеніңіз былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішінен 1,1 трлн теңге артық.
Бір тамыздың өзіндегі нәтижесі 538 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаражаттың көбі бағалы қағаздарды қайта бағалаудан түскен, оның көлемі – 218,7 млрд теңге. Одан бөлек, бағалы қағаздардан түсетін сыйақы да осы жолы қомақты болып отыр. Ол да 131,8 млрд теңге әкелген. Сыртқы басқарудан 122,5 млрд теңге келсе, ақыр соңында төл валютамыз – теңгенің әлсіреуі, яғни шетел валютасын қайта есептеу де зейнетақы қаражатын 64,4 млрд теңгеге көбейте түскен. Оның сыртында тағы 600 млн теңгеге жуық табыс басқа кірістерден құралған.
БЖЗҚ дерегіне қарағанда, ҰБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері мына бағыттар бойынша инвестиция ретінде салынған. Алдымен Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына қаражаттың 42,93%-ы салынған. Одан соң 9,36%-ына квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары сатып алынған. Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары үшін 4,93%-ы жұмсалған. Одан бөлек, қаражаттың 4,32%-ына еліміздегі екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары алынған. Сондай-ақ, РЕПО операцияларына – 2,19%, қазақстандық эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына – 1,87%, сонымен қатар, мемлекеттік құнды қағаздарға – 1,67%-ы құйылған.
Айта кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының биылғы қыркүйектің басындағы мәліметінше, зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 20,9 трлн теңгеге жеткен.
Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналарын қоса алғанда, Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 20,7 трлн теңгені құрайды.