×

Болат Назарбаевтың Нью-Йорктегі пентхаусы 2 млн долларға сатылымға қойылды

Оның жалпы ауданы – 164 шаршы метр

 Халық үні 24.09.2024 | 21:40
фото: дереккөз

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр қарашада дүниеден өткен інісінің Нью-Йорктегі пәтері 1,995 миллион долларға сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Нью-Йорктегі жергілікті жылжымайтын мүлік агрегаторларының мәліметінше, аталған пәтер Wall Street, 55 мекенжайында орналасқан. Бұл пәтер – марқұм Болат Назарбаевтың осы уақытқа дейін жұртқа белгілі Америкадағы соңғы жылжымайтын мүлкі.

Wall Street 55 мекенжайында бір кездері Нью-Йорк қор биржасы, кеден және Citibank кеңселері орналасқан еді. Нысан иелері ғимаратты кондоминиумға айналдырмас бұрын, онда сәнді қонақ үй болған. 2006 жылы соңғы жөндеуден кейін ғимараттағы пәтерлерді алғашқы болып актер Микки Рурк пен супермодель Наоми Кэмпбелл сатып алды. 2007 жылы Болат Назарбаев сол ғимараттан пәтер сатып алып, танымал тұлғалармен көрші тұрды.

Пентхаустың жалпы ауданы – 164 шаршы метр. Оның ішінде 2 жатын бөлмесі, ас және қонақ бөлмесі, 3 жуынатын бөлмесі мен кең террасасы бар. 2,7 миллион долларға сатылып алынған пентхаус алғашында Болат Назарбаевтың өгей баласы – Майра Құрманғалиевадан туған Даниярдың атына жазылды. Сондай-ақ оның атында дәл осы ғимараттан тағы бір пәтер бар. №702 пәтерді Данияр 2011 жылы 940 мың долларға сатпақшы болған. Бірақ Болат Назарбаев Майрамен арадағы жанжалдан кейін бұл мүлікті қайтарып алған, – деп жазды «Выход к морю» Telegram арнасы.

Майра Құрманғалиева сот арқылы бұрынғы күйеуінен байлығының жартысын, оның ішінде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлкін талап еткен. Алайда 2011 жылы ол алаяқтық жасап, адам ұрлады деп айыпталып, Қазақстанда іздеу жарияланды.

Болат Назарбаев өгей ұлы мен бұрынғы әйелін өзінен ондаған миллион доллар ақша ұрлады деп айыптап, Нью-Йорктегі сотқа жүгінді. Олы сот процесі де бірнеше жылға созылды. Нәтижесінде Болат Назарбаевтың Нью-Джерсидегі құны 20 миллион доллар тұратын зәулім үйіне Майра Құрманғалиева мен оның ұлы ие болды. Есесіне, олар Майами мен Нью-Йорктегі пәтерлерді талап етпейтіндерін жеткізді. Ақыры Болат Назарбаев Флоридадағы жылжымайтын мүлікті 1,4 миллион долларға сатқан. 

Telegram арнасының мәліметінше, 2 миллионға сатылымға қойылған пентхаусты Болат Назарбаев 2016 жылы өзінің көмекшісі Батыржан Ахметовтің атына жазған. Батыржан Ахметов сол кезде Назарбаевтың жеке коллекторлық агенттігі мен басқа да бірқатар шағын фирмаларды басқарған еді. Нью-Йорк жылжымайтын мүлік тізіліміне сенсек, пентхаус әлі күнге дейін Бауыржан Ахметовтің атында. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік агрегаторларының дерегінше, пентхаус былтыр жаздан бастап, яғни Болат Назарбаевтың көзі тірісінде сатылымға қойылған.

2022 жылғы қаңтардағы оқиғадан кейін Болат Назарбаев пен оның мұрагерлері жылдар бойы жинаған мүлкінің бір бөлігінен айырылды. Базарлар, кәсіпорындар мен серіктестіктердегі үлесі мен жүздеген гектар жер тәркіленді. Болат Назарбаев рейдерлік басып алуға қатысы бар деген айыптаулардың астында қалды. Тәркіленген мүліктің бір бөлігі мемлекетке қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама