×

«Келешек» жинақтау жүйесі: Алматыда 600 мыңнан аса бала бағдарламаға қатыса алады

Жоба көмегімен жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігі артады

 Динара Амантай 18.09.2024 | 16:07
Фото: Halyq Uni

Алматы қаласында 600 мыңнан аса бала «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін пайдалану арқылы жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын ұлғайып жатқанына байланысты білім беру жүйесіне түсетін ауыртпалық та көбейетінін айтқан еді. Бүгінде мемлекет мектеп бітірушілердің 40%-ға жуығын грантпен қамтамасыз етіп отыр. Министр 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ке дейін қысқаратынын жеткізді.

Бұл ретте қазақстандықтар үшін жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша құралы ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу қолға алынды. Осы арқылы азаматтардың қаржысын үнемдеп, балаларды жоғары біліммен қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасалады.

Аталмыш жүйенің басты мақсаты – ата-аналардан, сақтандыру компаниясы мен мемлекеттен түсетін қаржыны бірыңғай жүйеге жинақтау және кез келген талапкерге ЖОО-ға түсуді қолжетімді ету.

Алматы қаласы білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталмыш жүйенің артықшылығын қолдана алатын мегаполистегі 18 жасқа дейінгі балалардың саны – 666 мың 443 адам. Олардың ішінде биыл кәмелеттік жасқа толатын 26 мың 621 бала бар.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазір «Келешек» бірыңғай ерікті жүйесін енгізу үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Осыған байланысты тиісті өзгерістер әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді және түзетулер жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.

«КЕЛЕШЕК» ЖИНАҚТАУШЫ ЖҮЙЕСІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

  • Білім беру жинақтаушы сақтандыру шартына сәйкес қаржының түрлі қауіп-қатерден қорғалуы. Қаражатты жинауға шешім қабылдаған ата-анаға қатысты қандай да бір күтпеген жағдайлар болған уақытта (І немесе ІІ топқа жататын мүгедектік, оның салдарынан еңбекке қабілеттілігін жоғалту немесе қайтыс болу) шарт бойынша сақтандыру жарналары тоқтатылады, бірақ бала сақтандыру мерзімі аяқталғанда, кәмелеттік жасқа толғанға дейін қажетті жинақты алу мүмкіндігіне ие болады.
  • бала 5 жасқа толғанда (бірақ 6 жасқа дейін ғана) мемлекеттен 60 АЕК мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын алуға болады (халықтың әлеуметтік осал топына жататын азаматтар үшін 120 АЕК).
  • Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражатты көбейту мақсатында білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша барлық қолда бар жинақтарды және Ұлттық қорда жинақталған барлық жинақтарды біріктіре алады. Осы арқылы білім алуға жиналған қаржының мөлшерін айтарлықтай көбейтуге болады.
  • Жинақтау жүйесіне қатысты салық жеңілдіктері қолданылады. Үш және одан да көп жыл мерзімге жасалған сақтандыру шарты бойынша ата-ана барлық төленген жарналарының 10%-ы мөлшерінде салық төлеп (жылына 320 АЕК-ке дейін) үнемдей алады.
  • 23%-ға дейін жоғары кірістілік. Оның ішінде 8% – сақтандыру компаниясынан кепілдендірілген табыс, 5-7% – жылдық мемлекеттік сыйақы, 10% – табыс салығы бойынша жеңілдік.

 
«КЕЛЕШЕК» ЖИНАҚТАУШЫ ЖҮЙЕСІНЕ ТҮСЕТІН ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІ

  • мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы (ББК) – 5 жасқа толған, бірақ 6 жасқа толмаған баланың пайдасына 60 АЕК (ал халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін 120 АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем. Бұл ретте қолданыстағы білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты болған жағдайда ғана берілетінін айта кету керек.
  • білім беру жинақтаушы сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру жарналары түріндегі ата-аналардың ерікті жинақтары;
  • бюджет есебінен есептелген 5-7 % мөлшеріндегі мемлекеттік сыйақы;
  • сақтандыру шарты бойынша сақтандыру ұйымдарымен есептелетін инвестициялық кірістер;

 
«КЕЛЕШЕК» ЖИНАҚТАУШЫ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАТЫСУ ҚАДАМДАРЫ ҚАНДАЙ?

  • «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қатысушысы болу үшін ата-аналар «Халық-Life» АҚ-мен «Bilim-Life» білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасауға тиіс.
  • Шарт жасасу үшін ата-ананың жеке басын куәландыратын құжатты және баланың туу туралы куәлігін ұсыну қажет.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қаласында 1700-ден аса аса адам Ұлттық қордан тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім ақысын төлеу үшін қаржы алуға өтінім бергенін хабарлаған болатынбыз. Олардың банктін шотына 135 мың доллардан аса қаражат аударылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама