Halyq Uni логотип
×

БЖЗҚ салымшыларын алаяқтық жөнінде құлаққағыс етті

Салымшыларды алдайтын алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған

 Ербол Тұрымбет 16.09.2024 | 22:03
БЖЗҚ салымшыларын алаяқтық жөнінде құлаққағыс етті
Фото: Halyq Uni

БЖЗҚ жаңадан пайда болған алаяқтық жөнінде салымшыларды құлаққағыс етіп, одан сақтанудың жолдарын көрсетті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қор мәлімдеуінше, 3 қыркүйекте «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалдарының біріне бір ұйым есепшісі хабарласып, транзиттік шоттардың бұғатталуына байланысты компания қызметкерінің зейнетақы шотын бұғаттау туралы ақпаратпен «Қор қызметкерінен» қоңырау шалынғанын хабарлайды. Бұғаттауды жою үшін есепшіге «сот орындаушысынан» туындаған мәселені шешу үшін хабарласу керектігі туралы талап қойылады. «Сот орындаушысы» өз кезегінде есепшіге берешек қаражатын өзі көрсеткен шотқа аударуды ұсынады. Бұл әрекет орындалмаған жағдайда, компанияға зейнетақы жарналарын уақытылы аудармағаны үшін айыппұл салынатыны ескертіледі.

«БЖЗҚ» АҚ филиалының қызметкерлері бұл жағдайды саралағаннан кейін, есепшіге ақша жібермеу туралы кеңес берді. Қордың қауіпсіздік департаменті тиісті ақпаратты алғаннан кейін қоңырау шалынған ұялы телефондардың нөмірлерін тексерді. Ашық көздерден бұл нөмірлер «И. Ю.» деген біреудің атына тіркелгені және «алаяқтық» деп белгіленгені анықталды, – деп жазылған БЖЗҚ ресми хабарламасында.

Қор мәліметінше, қор мен оның филиалдары туралы статистикаға сүйене отырып, соңғы кездері алаяқтар азаматтарды телефон байланысы арқылы алдаудың жаңа амалдарын ойлап тапқан. Себебі, телефон қоңыраулары – күтпеген жерден кездейсоқ болған оқиғадан әбдігерге түскен адамнан құпия ақпаратты алудың немесе оны алаяқтың шотына ақша аударуға мәжбүрлеудің ең көп таралған тәсілдерінің бірі.

Сондықтан БЖЗҚ қызметкерлерден күдікті қоңыраулар, SMS және мессенджерлер арқылы хабарламалар түскен жағдайда мына жайттарды есте сақтауды ұсынады:

- зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен мерзімділігін «БЖЗҚ» АҚ емес, салық органдары бақылайды;

- БЖЗҚ қызметкерлері ешқашан қаражатты белгілі бір шоттарға аударуды талап етпейді және дербес немесе өзге де деректерге сұрау салмайды.

Сондай-ақ, мына жәйттарды да ұмытпау керек:

- күдікті/бейтаныс нөмірлерден хабарлама алған кезде – көрсетілген нөмірлерге қайта қоңырау шалудың қажеті жоқ;

- күдік тудыратын белгісіз нөмірден кіріс қоңырау алған жағдайда, әңгімелесуші өзінің шынайылығына сенімділік тудырса да әңгімені дереу тоқтату керек;

- күдікті хабарламаларды алған кезде – ешбір жағдайда көрсетілген сілтемелер бойынша өтуге және оларды өзектендіруге болмайды;

- өздерін «Қор қызметкерімін» деп таныстыратын күдікті адамдармен телефон арқылы сөйлесуден бас тартып, әңгімені дереу үзу қажет;

- қаржы ұйымдарының жеке кабинеттерінде банк карточкаларының құпиясөздерін үнемі ауыстырып отыру керек;

- қаржылық және зейнетақы қызметтерін алуға көмектесуге уәде беретін делдалдардың қызметтеріне еш уақытта жүгінбеу керек. Өйткені, осындай әрекет арқылы сіз бейтаныс адамдарға дербес деректеріңізді олардың арам пиғылдары үшін пайдалануына жол ашасыз.

Барлық сауалдарыңызға жауап алып, ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтан да:

enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы, байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу жолымен көп арналы тегін байланыс арқылы, сондай-ақ, +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы, БЖЗҚ-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, X және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексеруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама