Halyq Uni логотип
×

Биыл қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді

Елімізде 2,4 млн зейнеткер бар

 Динара Амантай 16.09.2024 | 10:37
Биыл қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам зейнетақы төленді
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 488,6 млрд теңгеге зейнетақы төленді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, базалық зейнетақы төлеуге 783,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 705 млрд теңге қарастырылған.

Ақпаратқа сәйкес, бүгінге елімізде 2 млн 405 мың зейнеткер бар. Оларға төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 131 872 теңге. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 275 теңге, базалық зейнетақы – 42 597 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді, – делінген министрлік хабарламасында.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ға бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болады. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама