×

Қоныс аудару бағдарламасына бөлінген 1 млрд теңге ұрланған

Прокурорлар 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады

 Динара Амантай 12.09.2024 | 16:07
Фото: Halyq Uni

Прокуратура органдары азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жалған құжаттарды пайдалана отырып, азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері анықталды. Қоныс аударушылар ретінде жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің ақпаратына сәйкес, кейбір жағдайларда азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген де. Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды.

Павлодар облысының Успен ауданында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуды ұсынып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ШҚО-да қоныс аударушылар мен сатушылар арасында сөз байласу жағдайлары анықталды. Олар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, одан кейін алынған қаражатты бөліскен. Одан әрі азаматтар бұрынғы мекенжайларында тұра берген.

Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталды, – делінген ақпаратта.

Прокурорлар 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады. Тергеу барысында қатысы бар барлық адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылданып жатыр.

Бұған қоса, нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және бағдарламаны іске асыруды бақылау жүйесін күшейту мақсатында Үкіметке қадағалау актісі енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама