Елордада дүкеннен бренд киім ұрлаған әйел ұсталды
Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріледі
Астанада бренд киім дүкенінен ұрлық жасаған әйел құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Нұра ауданы ПБ жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында дүкеннен ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Полицейлерге сауда орталығының қызметкері хабарласып, белгісіз біреу дүкеннен киім-кешектер ұрлап, жалпы құны 65 мың теңгеден астам шығын келтіргенін жеткізген. Тергеу барысында әйелдің сауда залына келіп, клиент кейпінде тауарды таңдай бастағаны анықталды. Өзіне ұнаған киімдерді алып киіну бөлмесіне барып, ұрлыққа қарсы магниттерін шешіп тастаған. Содан кейін тауарды жасырын алып, дүкеннен шығып кеткен, – делінген ақпаратта.
Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріледі.
Полиция департаменті сауда нүктелерінің иелеріне абай болуды және жұмыс орнын қараусыз қалдырмауды қатаң түрде ескертеді. Бұған қоса, үй-жайларды бейнебақылау камераларымен жабдықтап, дүкендерде ұрлыққа қарсы сенімді жүйелерді енгізуге кеңес береді.