БҚО тұрғындарының 23 млн теңгесін жымқырған алаяқ құрықталды

Қымбат Елтайқызы

Ол ұрлаған ақшасын құмар ойындарға жұмсаған

фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын 23 миллион теңгеге алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Абай полиция бөлімінің қызметкерлері онлайн аукционнан автокөлік сатып алып беремін деген сылтауымен облыс тұрғындарының миллиондаған ақшасын иемденген алаяқты құрықтады. Ол әртүрлі көліктің фотосуреттерін көрсетіп, олар үшін көлік сатып алатынын айтып, алдын ала төлем алып отырған.

Мәселен, Орал қаласының кәсіпкерлерінің бірі алаяққа сеніп, оған 7,4 млн теңге, тағы бір тұрғын 4,5 млн теңге берген. Қазіргі уақытта алаяқтық фактілері бойынша 7 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жалпы, облыс тұрғындарына келтірілген шығын 23 миллион теңгені құрайды, – делінген ақпаратта.

Ұсталған адамның айтуынша, ол барлық ақшаны құмар ойындарға және ұтысқа жұмсаған.

Полиция департаменті облыс тұрғындарына күмәнді мәмілелерге сенбеуді және тексерілмеген адамдарға үлкен көлемде ақша бермеу керектігі туралы ескертеді.