Halyq Uni логотип
×

Алматы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу рейтингінде көш бастады

Биылғы рейтинг жарияланды

 Қымбат Елтайқызы 10.09.2024 | 12:00
Алматы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу рейтингінде көш бастады
фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс қимыл рейтингінде бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шаһар басшысы Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі алматылық комиссияның кеңейтілген отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рақымовтың қатысуымен «Жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағыты (ҮББ), әлеуметтік маңызды азық-түлікке бағаны тұрақтандыру және білім жобаларын іске асыру жайттары қаралды. Жиын кезінде биыл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау кезінде жемқорлық жасаған лауазымды азаматтар тізімдерінің әзірленгені, сондай-ақ тәуекелдер картограммасы өзектендірілгені сөз болды.

Әкімдік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп қабылдаған шаралардың арқасында алғашқы алты ай қорытындысы бойынша қала «Жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ҮББ шараларын іске асыру рейтингінде ел ішінде бірінші орынға шықты, – делінген ақпаратта.

Бұнымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шеңберінде бизнесмендерге жеңілдетілген зайымдар беру, бұған қоса ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден форвардтық сатып алу жалғасып жатыр. Сонымен бірге, белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуы бақылануда. Оны сақтамаған сауда нүктелерінің иелеріне 396 әкімшілік хаттама толтырылып, 73 тиімсіз делдал өнімді жеткізу тізімінен алынып тасталды.

Бұдан басқа, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы ретте, «Бақылайтын бухгалтерия» ақпараттық жүйесі мұғалімдердің жалақысын бақылауға және бухгалтерлік қателерді болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етудің ашықтығына бағытталған «Цифрлық ваучерлер» жобасын біртіндеп енгізу мәселелері талқыланды. Бұнымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы ерекше бақылауда тұр. Әкім әр нысан бойынша құрылыс сапасын бақылауды қатаң тапсырды.

Кеңесті түйіндей келе, мегаполис басшысы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жұмысты жалғастыруға нұсқау берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама