Ведомство қазақстандықтарға үндеу жариялады
Ұлттық банк жалған полиграфиялық өнімдер – қолдан жасалған ұлттық валюта банкноталары тарағанын ескертеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған полиграфиялық өнімдер, нақтырақ айтқанда, қолдан жасалған ұлттық валюта сату туралы жарнамалардың тарағанын ескертеді. Соның ішінде, мерейтойлық және «Сақ стилі» сериясындағы 10 000 теңгелік банкнота бар.
Ұлттық банк Қылмыстық кодекстің 231-бабына сәйкес жалған ақша немесе бағалы қағаздарды жасау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Осыған байланысты, банкноталарды қолдану кезінде ерекше сақтық танытып, олардың түпнұсқалығын тексеруді қатаң түрде ұсынамыз, – деп қосты ведомство.
Ұлттық валюта банкноталарындағы қорғаныс элементтері туралы ақпаратты Ұлттық банктің You Tube арнасынан және ресми сайтынан табуға болады. Күмәнді банкноталар, соның ішінде шын ақшаға ұқсас банкноталар байқасаңыз, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Ведомство жалған ақша жасауға қарсы күресті тұрақты түрде жүргізіп, қолма-қол ақша пайдаланғанда мұқият әрі сақ болуға шақырады.