Шымкенттің 94 тұрғыны жалған анықтамамен әлеуметтік көмек алып отырған
Осылайша, олар бюджеттің 24 млн теңгесін қалтаға басқан
Шымкентте 94 адам жалған анықтама жасап, атаулы әлеуметтік көмек қаражатын алып отырған, деп хабарлайды Halyq Uni 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Тексеріс кезінде олардың еңбекке жарамсыздық қағазы ешқандай медициналық ұйымда тіркелмеген болып шықты. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Осылайша, оңай олжа тапқысы келгендер бюджеттің 24 млн теңгесін қалтаға басқан. Еңбек мобильділігі орталығы атынан берілген талап-арыз сотта қанағаттандырылып, оның 9 млн теңгесі қазынаға қайтарылды. Қалған қаржы жеке сот орындаушылардың күшімен мәжбүрлі түрде өндіріледі.
Белгілі бір мерзімге – 6 ай, 8 ай, 1 жыл деген сияқты жұмысқа жарамсыз анықтамалар. Іс жүзінде олар – жұмысқа жарамды адамдар. Ол анықтамалар тиісті мекемелерде, емханаларда тіркелмеген. Яғни қолдан жалған жасап берілген анықтамалар. 2023 жылдың төртінші тоқсанында 3 ай алған. 2024 жылдың бірінші тоқсанында алған, - дейді қалалық еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Ерболат Аханов.
Биыл Шымкентте атаулы әлеуметтік төлем орташа табысы төмен 8 200-ден аса отбасыға тағайындалды. Бұл – былтырғымен салыстырғанда, 30 пайыз аз көрсеткіш.
Енді салалық министрлік шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсету үшін жаңа пилоттық жобаны іске қоспақ. Яғни отбасы мүшелерінің табысы ғана есептелмей, шығыны да ескерілетін болады. Бірақ бұйрық әлі заңды күшіне енген жоқ.