×

Салық кодексінен жеңілдіктің алынатыны көлік жүргізушілерін алаңдатып қойды

Елімізде шыққанына 10 жылдан асқан 3 284 101 жеңіл көлік бар

 Халық үні 06.09.2024 | 07:41
фото: gov.kz

Ұлттық экономика министрлігі маусым айында Салық кодексіне 10 жылдан асқан көліктерге салық жеңілдіктерін қарастыратын өзгертулер енгізуді ұсынған еді. Енді сол түзетулерді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу үшін 2025 жылдың шілдесіне дейін бекіту жоспарланып отыр.

Түзетуде 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге 30 пайыз, 20 жылдан асқан көліктерге 50 пайыз салық жеңілдіктері қарастырылатыны көрсетілген. Алайда президент 2 қыркүйектегі Жолдауында өзгерістерді қабылдауға асықпауға шақырды. Келесі күні оның ұсынысы бойынша кейбір тиімсіз салық жеңілдіктерінің кодекстен алынып тасталатыны айтылды. Әрине, бұл көлік иелерін алаңдатып қойды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәсіметінше, ескі көліктерге жеңілдіктер жобада сақталады. Бұл шешім бюджет кірісінің азайғанына қарамастан, жаңа көлік ала алмай жүрген қазақстандықтардың өмірін жеңілдету мақсатында қабылданған.

Жаңартылған Салық кодексін 2025 жылдың шілдесіне дейін пысықтау жоспарланып отыр. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жеңілдік коэффициенттері сол күннен бастап қолданылады. Ал оған дейін салық ағымдағы мөлшерлемелер бойынша есептеледі. Салық төлеу мерзімі бұрынғыдай – келесі жылдың 1 сәуіріне дейін сақталады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 4 миллион 218 мың 804 жеңіл автокөлік тіркелген. Оның 3 миллион 284 мың 101-і 10 жылдан асқан, бұл – жалпы санның 78 пайызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама