«Елорда жастары» бағдарламасымен қалай үй алуға болады

Қымбат Елтайқызы

Өтінімдер қабылдана бастады

фото: Halyq Uni

4 қыркүйекте Астанада «Елорда жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдана бастады. Ол 10 қыркүйек күні сағат 23:59-ға дейін жалғасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жергілікті әкімдік мәліметінше, бағдарламаға қатысу үшін онлайн өтініш беру жеткілікті.

Тіркеуді бастамас бұрын компьютеріңізде NCAlayer орнатылғанына көз жеткізу керек. Бұл бағдарламаны pki.gov.kz  сайтынан жүктеуге болады. Әрі қарай ЖСН, e-mail, телефон нөмірі және ЭЦҚ (RSA/GOST сертификаттары) сияқты қажетті деректерді толтырып, birge.astana.kz  порталында тіркелу қажет. Осыдан кейін «тұрғын үй бағдарламалары» бөліміне өтіп, «Elorda zhastary» қалалық жеңілдетілген несие бағдарламасы» қызметін таңдау керек. Әрі қарай, өтініш формасын ашу үшін «Қосу+» түймесін басу қажет, – деп қосты ведомство.

Нысанды толтырып, қажетті құжаттарды тіркеп, ЭЦҚ (RSA /GOST сертификаттары) көмегімен өтінішке қол қойып, оны жіберу керек. Өтініш бергеннен кейін өтінімді қарау нәтижесі бар KIT_NOTIFY немесе SmartAstana SMS-хабарламасын күту қажет.

Бұл бағдарлама Астанадағы бастапқы немесе қайталама нарықта «Отбасы банк» АҚ арқылы пәтерді тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді:

  • қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге; бастапқы жарна – 10%;
  • қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5% ;
  • несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін.

Бағдарламаға елорда мекемелері мен ұйымдарының, соның ішінде медицина және педагог қызметкерлердің, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау саласындағы мамандардың, ЖОО мен ҒЗИ, журналистердің, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің, полицияның, Төтенше жағдайлар департаментінің, «Қазпошта» АҚ филиалдарының бейінді қызметкерлерінің, сондай-ақ 35 жасқа дейінгі азаматтардың бейінді қызметкерлері, «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатында есепте тұрған балалар қатыса алады.

Бағдарлама туралы толығырақ Астананың тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының сайтынан білуге болады.