Тұтынушылардың құқығын көздейтін заң жетілдіріледі
Қазақстандықтар тауарды көбінесе онлайн сатып алатын болған
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аталған құжат қоғамдағы мәселелерді шешуге септігін тигізетінін айтты.
Жыл сайын тұтынушылардың шағымы көбейіп жатқандықтан «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңды жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, 2023 жылы тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты 7732 шағым түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Енді 2022 жылмен салыстырсақ шағымдар саны 290%-ға өсті, - деді ведомство басшысы.
Бұл деректен қазақстандықтардың электрондық сауда құралдарын белсенді пайдаланып жатқанын көруге болады.
Министр заң жобасын әзірлеу кезінде ТМД елдерінің және Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттелгенін атап өтті.Осылайша, төмендегі нормалар заңға енгізілген.
- Біріншіден, тұтынушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетіледі;
- Екіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңның базалық қағидаттары салалық реттеу мен осы салалардағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыретін сақтай отырып, қаржылық қызметтерден басқа, барлық қызмет көрсету саласына қолданылады. Нәтижесінде уәкілетті орган тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салаларалық үйлестіру жөніндегі өз функциясын толық іске асыра алады;
- Үшіншіден, тұтынушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы туралы ұғымдар бөлінді;
- Төртіншіден, сотқа дейінгі кезеңде тұтынушының бұзылған құқығы қалпына келтірілмесе, тұтынушының пайдасына азаматтық процесте сот өндіріп алатын айыппұл түрінде кәсіпкердің құқықтық жауапкершілігі енгізіледі.
«Бұл құқықтық құрал кәсіпкерлерді тұтынушылармен азаматтық дауды сотқа дейін шешуге ынталандыруға бағытталған. Шет елдердің осындай тәжірибесі сотқа өтініштердің айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Бесіншіден, онлайн саудада тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады», - деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ ол тұтынушылардың құқығын қорғау үшін заңдағы кемшіліктер жойылғанын жеткізді.
Кәсіпкерлік субъектілердің E-tutynushy ақпараттық жүйесіне міндетті емес тіркелу туралы норма, қайтаруға жатпайтын тауарлар тізімінен медициналық бұйымдар, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, авиабилеттерді сатып алу және туристік қызмет көрсету туралы шарттар бойынша (қызмет құны) 100% қайтарылмайды деген ұғым алынып тасталды, - деді ведомство басшысы.
Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.