Ақтөбеде университет басшысының әйелі талапкерлерден ақша жинап алған
Әрқайсысы әйелдің жеке шотына 1,5 миллион теңгеге дейін ақша аударған
Ақтөбеде Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің өкілдігі бар. Бұл оқу орнының жетекші маманы алаяқтықпен ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni «Диапазон» порталына сілтеме жасап.
Мәліметтерге сенсек, Гүлмира Т. талапкерлерден оқуға ақша алып, өз қалауы бойынша жұмсаған. 47 жастағы айыпталушының қылмыстық ісінде 25 эпизод бар. Сот оның өзін оқу орнында әдіскер ретінде таныстырып, қабылдау жарнасын жеке банк шотына аударуға немесе қолма-қол беруге болатынын айтқанын түсіндірді.
Осылайша, жәбірленушілердің бірі оған 1,5 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Бірақ кейін өзінің университет студенті ретінде тізімде жоқ екенін білген. Дәл осындай схемамен алданып қалған басқалары оған 100 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін ақша аударған. Кейбіреулер бірден бірнеше жыл білім алу үшін ақша төлейміз деп ойлаған. Содан кейін олар ақшаның университетке жетпегенін білген.
Алаяқтық жасады деп айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Ол университеттің Ақтөбе филиалын күйеуі басқаратынын, оның барлық аударымдардан хабардар болғанын айтып отыр. Сондай-ақ зардап шеккендерден түскен ақшаны күйеуі мен оның ата-анасы жұмсағанын, өзінің мұны істемегенін алға тартты. Тіпті, соттан кішкентай балалары бар екенін ескеріп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Сотта айыпталушының күйеуінен де жауап алынды. Ол әйелінің студенттерден ақша алғаны туралы ештеңе білмейтінін және оның қарызы туралы университеттің бас кеңсесінен қоңырау шалғаннан кейін білгенін жеткізді.
Сөйтіп, сот Гүлмира Т.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оған ақшаны жәбірленушілерге қайтаруды міндеттеді және 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында қаралып, сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сот ұйғарымында іс апелляциялық тәртіпте қаралған кезде сотталушының өкініп, барлық жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуіне байланысты жазаның жеңілдетілгені атап өтілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді, – делінген хабарламада.