Қазір 20 мыңдай өтініш түссе, банктер соның 10 мыңын мақұлдаған
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына қатысқан кейбір автосалон мен банк қызметкерлері VIN кодты тек туған-туыстары мен тамыр-таныстарына үлестірген.
Бұл бағдарлама ашық болып, бірыңғай тәртіппен жүргізілуі керек. Көрінген адамға, өз туысына, жақынына беретіндей жағдай емес. Осы тізімде бүкіл халық тұруы керек, - дейді Индустрия және инфрақұрылымды даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Қазір бұл бағдарлама бойынша банктер өтініш қабылдауды тоқтатқан. Өйткені лимит асып кетіпті. Бағдарламаға Үкімет 100 миллиард теңге бөлді. Қазір 20 мыңдай өтініш түссе, банктер соның 10 мыңын мақұлдаған. Бұл – 73 миллиард теңгенің несиесі. Ал көлік алғандар әзірге 3 мыңдай ғана. КТК телеарнасының хабарлауынша, Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігі бағдарламаны әрі қарай жалғастыруға асығып отырған жоқ.
«Бұл жұмыс бір күнмен шектелмейді. Үкімет несие ретінде 100 миллиард теңге берді ғой. Бір-екі айдан кейін ол ақша орала бастайды. Сосын сол төлемдерге қайтадан несие беріледі. Әзірге осымен шектеліп отырмыз. Енді өте көп сұраныс туындап отыр. Оны да қарастырамыз», - дейді Қайырбек Өскенбаев.