Жыл басталғалы 39 миллиард теңгенің заңсыз жұмсалғаны анықталды
Жоғары аудиторлық палата жыл басталғалы 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғанын анықтады. Бұл туралы президенттің қабылдауында болған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндады, деп хабарлады Ақорда.
II тоқсанда палата теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласына, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне аудит жүргізілген.
Жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 73 нысан тексерілген. Нәтижесінде 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған.
Екінші жартыжылдықта Назарбаев Университеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметі, сот жүйесіне тексеру жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттар қамтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Смайыловқа бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше мән беру керек екенін айтты.