«ҚазТрансОйл» топ-менеджменті былтыр 426 млн теңгеден аса сыйақы алған
Компанияның басқарма құрамы 7 адамнан тұрады
«ҚазТрансОйл» топ-менеджменті 2023 жылы сыйақы ретінде 426 553 025 қаражат алған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Компанияның басқарма құрамы 7 адамнан тұрады. Бас директор Арман Қасенов, өндіріс жөніндегі орынбасары Темірхан Әбдіров, көлік жөніндегі орынбасары Эрик Сағиев, экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Әміржан Оспанов, корпоративтік басқару жөніндегі орынбасары Алмас Оңғарсынов, құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директор Жайдарман Исақов, әлеуметтік және еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директор Ғазиз Қошанов.
Инвесторлармен байланыс қызметінің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы кіріс 151 млрд теңгені қамтыған. Бұл – 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, 10,3% артық. Алайда таза пайда 3,9%-ға азайып, 19,5 млрд теңгені қамтыды.
Тек «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қаржылық нәтижелерін қарастыратын болсақ, оның кірісі – 126 млрд теңге. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 13%-ға жоғары. Кәсіпорынның таза табысы 164,3% өсіп, 22,9 млрд теңгеге жетті.