×

БАӘ компаниясынан өтініш түсті: Астанадағы «Сергек» жүйесі кімнің қолына өтеді?

«Сергек» қала бюджетіне 42 млрд теңге әкелген

 Ербол Тұрымбет 26.08.2024 | 10:40
Фото: Halyq Uni

Елордада «Сергек» бақылау камералары жүйесіне қатысты қандай шешім қабылданатыны әлі белгісіз. Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешімнің бірнеше ықтимал нұсқасы бар: қазіргі жеке серіктес компаниямен қолданыстағы шартты ұзарту немесе жаңа қызмет көрсетушіні анықтау үшін конкурс өткізілуі мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Әкімдік басқармасының жауабына қарағанда, заңнама екі нұсқаға да мүмкіндік береді және шешім жобаға қатысты нақты жағдайлар негізінде қабылданады.

Астана қаласында жол және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған МЖӘ жобасын іске асыру бойынша тікелей келіссөздерге бастамашылық жасауға әлеуетті жекеменшік әріптес, Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясынан өтініш түсті. 17 мамырда МЖӘ веб-порталында жоба бойынша ықтимал балама шешімдерді анықтау мақсатында тікелей келіссөздер жүргізуге өтініш қарауға қабылдау туралы хабарлама жарияланды. Алайда жергілікті компаниялардан балама ұсыныстар түскен жоқ, – деп жазылған басқарма жауабында.

Дегенмен шетелдік компаниямен әзірге ешқандай келісім жоқ.

Басқарма жауабы бойынша, МЖӘ жобасындағы сервер мен құрылымы 2018 және 2020 жылдары тиісті сынақтардан өтіп, нысанның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі аттестаттаудан өткен. Ақпаратты қорғау туралы заңнама талаптарына сәйкес жүйе жеке деректердің сыртқа шығып кетуі және қауіпсіздік саласындағы басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу үшін тұрақты бақылауда болады. Бұл дербес деректерді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және оларды шетелге жіберу мүмкіндігін болдырмайды.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, «Сергек» бақылау камералары жүйесі іске қосылған сәттен бастап осы жылдың 31 наурызына дейінгі ақпарат бойынша аппараттық-бағдарламалық кешендерде 5 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Нәтижесінде қала бюджетіне 42 млрд теңгеден астам қаржы түскен.

Айта кетейік, Астана әкімдігінің Sergek Group компаниясымен қалалық бейнебақылау камераларына қызмет көрсету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шартын 2024 жылдың қараша айына дейін ұзартқаны жөнінде ақпарат тараған.

Оның алдында «Сергек» жобасын монополиядан арылтуды талап еткен петиция жарияланған еді. Петиция авторлары монополияға қарсы органға «Сергек» жобасына қатысты тексеру жүргізіп, ал мемлекетке жобаны бақылауға алып, монополистің қолына бермеуді талап еткен болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама