Биыл бағаның қалай өзгергені айтылды
Өнеркәсіп министрлігінің өкілі өңірлерде көмір бағасының қалыптасуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Разрезден тұтынушыға дейінгі барлық кезеңдегі көмір бағасы және теміржол тасымалының құны түпкілікті тұтынушыға ұсынылатының бағаның қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.
Разрездегі қазіргі бағаларға тоқталайын. Бүгінгі таңда негізгі жеткізушілерден бастағанда баға 7,1 мың теңгеден 9 мың теңгеге дейін құрайды. Негізгі жеткізушілер бойынша айтсақ: «Шұбаркөл Көмір» - 8 мың теңге (өткен жылмен салыстырғанда 900 теңгеге өсім бар), «Қаражыра» - 8,7 мың теңге (өсім - 200 теңгеге), «Майкубен-Вест» - 7 мың 750 теңге (650 теңгеге өсім бар), «Шұбаркөл премиум» - 9 мың теңге (бағасы өзгерген жоқ»), – деді ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Тұтынушылар өңірлік көмір операторларына жүгінетін өңірлердегі бағаларға келсек, спикер баға 8 мыңнан 26 мыңға дейін екенін атап өтті.
«Бұл жерде айырмашылық үлкен. Разрезге жақын орналасқан елді мекендер көмірді тікелей разрезден өздері алып кете алады. Сондықтан баға 8 мың теңге. Алайда, бізде көмір разрездерінен едәуір алыс орналасқан шалғай аймақтар да бар. Оның үстіне, бұл өңірлерде теміржол тұйығы болмауы мүмкін. Бұл ретте, басқа факторлар байқалады және бағаға дизель отынының құны да әсер етуі ықтимал», – деді спикер.
Министрлік ЖАО, ҚТЖ, көмір кәсіпорындарымен бірге өңірлерді көмірмен қамтамасыз етуге мониторинг жүргізеді. Қор жинау бойынша жұмыстар басталды. Көмір операторларына, ҚТЖ-ға өтінімдер беру бақылауға алынды.
«Әкімдіктерден жергілікті жерлерде сатылатын көмір бағасын бақылауға алуын сұраймыз. Айтарлықтай айырмашылық болмасын, бағалар көрсетілген шекте болсын және үстемеақылар көп болмасын», – деп түйіндеді ол.