Halyq Uni логотип
×

Елордалық дәрігерлер миллиондаған жалақысын ала алмай жүр

Медицина орталығы бүгінде жабылып қалған

 Ербол Тұрымбет 21.08.2024 | 15:52
Елордалық дәрігерлер миллиондаған жалақысын ала алмай жүр
Фото: instagram/ansarmed.kz

Астанада ондаған дәрігер мен медбике және техникалық қызметкер жұмыс істеген медицина орталығынан тиесілі жалақыларын ала алмай жүр. Төленбеген жалақы мөлшері миллиондап саналады. Ал абзал жандардың ақысын бере алмай жүрген ANSAR медицина орталығы мамырдан бері жабық, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Көп жыл бойы мүлтіксіз еңбек еткен ақ халаттылардың айтуынша, жалақысын кешіктіріп, ақыр соңында бірнеше ай бойы жиналған миллиондаған жалақысын бермей кеткен.

Бұл жағдайды прокуратура мен әкімдіктің тиісті департаменттеріне жазған ұжымдық шағымында баяндап берген. Ондағы мәтінген қарағанда, жалақы беру мәселесі ұжымда 2023 жылдан бастап қиындаған. Біреулеріне толық аудармай, тағы біреулерге тіпті айлап бермейтін болған. Ал зейнетақы қорына, МӘМС-ке жіберілетін әлеуметтік төлемдер бірнеше жылдан бері мүлде жіберілмеген. Оны да ем-дом алғысы келіп, емханаларға барған кезде бір-ақ білген.

Қазіргі жағдайда медицина орталығының әрбір қызметкер алдындағы қарызы жалақы бойынша да, әлеуметтік төлемдер бойынша да бірнеше жүз мыңнан бастап миллиондаған теңгеге дейін барады.

Дәрігерлердің айтуынша, медорталық басшысы Данияр Құдабеков қызметкерлердің барлығына осындай теріс қылық көрсетіп отыр. Табысынан күдер үзген біразы жұмыстан әлдеқашан шығып, алажағын талап етуді қойған.

Экс-қызметкерлердің сөзінше, орташа медбикелер мен техперсоналдарда еңбек келісімшарты болған. Ал дәрігерлер азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істеген. Жалақысын талап еткендердің бірі – андролог Берік Қоқамбековтың айтуынша, оған орталық 3 млн теңге жалақысын бермей жүр. Одан бөлек, зейнетақы жинағына аударылуға тиіс 5,3 млн теңге қаражат пен 106 мың теңгесі тағы МӘМС-ке аударылмай қалған. Бұлардан бөлек, 1 млн теңгеден астам қаражат жарнама үшін негізсіз ұсталып қалғанын келтірген. Дәрігер осының бәрін төлеп беруді талап етеді.

Ең өкініштісі, қызметкерлердің өз құқығын қорғауын талап етіп, құзырлы органдарға жолдаған ұжымдық арыз-шағымы күткен нәтижені берммей, прокуратура мәселені азаматтық іс ретінде сот арқылы шешуге сілтеген.

Бірқатар қызметкер сотқа беріп, жеңіп те шықты. Бірақ тиесілі төлемақыларын төлеу туралы сот шешімін Данияр Құдабеков әлі күнге орындамай келеді, – деп жазылған ұжымдық шағым хатта.

Даулы медорталықтың директоры Данияр Құдабековтің өзі болса жағдайды түсіндіріп беруден бас тартты. Дегенмен, медорталықтың өзі бүгінде жұмыс істеп тұр. Бірақ бұрынғыдай емес, қазір ол ғимарат басқа бір медицина мекемесіне жалға берілген. Ал құзырлы органдардан қолдау таппаған дәрігерлердің енді барар жер, басар тауы қалмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама