9 мыңнан аса қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды
Берілетін қаржының орташа мөлшері – шамамен 208 мың теңге
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлем енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Арнайы төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті шарт болып саналады.
Үкіметтің ақпаратына сәйкес, бүгінде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9145 адамға 1,7 млрд теңге көлемінде төлем тағайындалды.
Қаржы 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан жүргізіледі.
Арнайы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (1696 адам), Қостанай (1180 адам), Шығыс Қазақстан (1132 адам), Павлодар (1015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам) және Абай облыстарында (505 адам) тіркелді.
Арнайы төлемнің орташа мөлшері – шамамен 208 мың теңге. Қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады, – делінген Үкімет хабарламасында.
Арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалатын болады.