«Жұмысқа тұру құны – кемі 1 млн теңге». Министрлік мектептегі жемқорлықты анықтамақ
Ведомство 15 млрд теңгеден аса соманың жымқырылғанын анықтаған
Мектеп мұғалімі Астанада өткен педагогтер форумында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алдында мектептегі жемқорлық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айтуынша, ол қазір оңтүстік өңірден келіп, өзіне Ақмола облысынан жұмыс тапқан. Алайда туған жеріндегі інілері мен сіңлілері екі қолға бір күрек таппай отырған көрінеді.
Олар бір жерге жұмысқа тұру үшін, өтірік емес, кемі 1 немесе 2 млн теңгеге дейін ақша сұрайды. Ол – кәдімгі жемқорлық. Мен тек педагог мамандығында демеймін, негізі оңтүстікте жемқорлық кең тараған. Бірақ соның ішінде мұғалім мамандығы бізге керек қой? Қашан мен сияқты ақшасыз, өзі жұмысқа тұра алады? – деп сұрады ол министрден.
Сол сұрақты кейін журналистер Ғани Бейсембаевқа қайта қойды. Мұғалімнің айтқан уәжіне қатысты пікір білдіруін сұрады.
Әріптесіміздің қойған сұрағы қай мектепте, қай ауданда болғаны нақты айтылған жоқ. Облысты бірден қаралауға болмайды ғой. Бұл сұрақты сол себепті көпшіліктің алдында қаужағаным жоқ. Жалпы, ол ақпараттың себебін анықтаймыз. Ақпарат нақты болса, тексеру қиындық туғызбайды деп ойлаймын, – деді Оқу-ағарту министрі.
Сондай-ақ ол ведомствоның Антикормен бірлесіп, тығыз жұмыс атқарып жатқанын, соның арқасында 15 млрд теңгеден аса соманың жымқырылғанын анықтағандарын алға тартты.