Шымкентте жүргізуші 3 млн теңгеден астам айыппұлын төлемеген
Жалған нөмірі бар көліктің 143 құқық бұзушылығы тіркеліпті
Шымкентте 3 млн теңгеден асатын айыппұлын төлемеген жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
«Шымкентте сәуірден бастап «Қорғау» бағдарламасы көмегімен 4468 жол ережесін бұзу жайтына қатысқан 1200-ге жуық жүргізуші жауапқа тартылды. Оның ішінде сақтандыру құжатынсыз автокөлік басқарған 627 тізгіндеуші, шетелдік нөмір таққан 275 көлік пен айыппұлы төленбеген 31 азамат анықталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, заңды шаралар тағайындалды», – дейді ІІМ.
Мәселен, тәртіп сақшылары көшелерді патрульдеу кезінде жылдамдықты асырып келе жатқан Ravon Nexia автокөлігі туралы «Қорғау» қосымшасы арқылы сигнал алады. Сонымен қатар бағдарлама жалған нөмірі бар көліктің алдыңғы заң бұзушылықтары үшін төленбеген айыппұлдары бар екенін көрсетті. Яғни, автокөлік жүргізушісінде жыл басынан 143 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, ал оның айыппұл сомасы 3 млн теңгеден асып кеткен. Көлік иесіне барлығы ескертіліп, түсіндірме жұмысы жүргізіліп, тиісті хаттама толтырылып, автокөлік арнайы айыптұрағына қойылды.
Бұдан өзге патрульдік полиция инспекторлары қызмет барысында Тәуке хан даңғылында жылдамдықты асырып келе жатқан Toyota Carina көлігін тоқтатты. Аталған автокөлік туралы ақпаратты «Қорғау» бағдарламасы анықтаған және көлік иесінің жыл басынан жол ережесін бұзғаны үшін 34 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелгені, ол үшін 645 104 теңге сомасында айыппұлы бар екені көрсетілген, – делінген мәліметте.
Дәл осындай мазмұнда қала көшелерінде жылдамдықты асырған айыппұлы жоғары екі автокөлік: Toyota Alphard (22 әкімшілік құқық бұзушылық - 384 мың теңге айыппұл) әрі Lexus RX 300 (22 әкімшілік құқық бұзушылық - 442 675 мың теңге айыппұл) тіркелген. Көліктер айыптұраққа жабылды.
Атыраулық жүргізуші 3 млн теңгеге жуық айыппұлы бар көлік сатып алған. Өскеменде жол ережесін 80 астам рет бұзған жүргізуші жазаланды.