Биыл 372 мыңға жуық қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды
Оған бюджеттен 60,5 млрд теңге қарастырылған
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 70,2 мың отбасындағы 371,9 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл осы мақсатқа бюджеттен 60,5 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетсек, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды іске асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 тамызда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 115,4 мың балаға 3,3 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және өзге де тәсілдер арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкімі сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.