Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтардың миллиардтаған қарызы коллекторларға өтті

Азаматтардың қаржылық проблемасы әлі толық шешімін таппаған

 Қымбат Елтайқызы 09.06.2022 | 09:59
Қазақстандықтардың миллиардтаған қарызы коллекторларға өтті
коллаж: Halyq Uni

Коллекторлық агенттіктерге қазақстандықтардың 444 млрд теңге проблемалық несиелерi берілді, деп хабарлайды LS.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі сотқа дейінгі өндіріп алу мен реттеуге берілген берешектің 97%-ында (2022 жылғы 1 сәуір) мерзімі өткен күндер саны 90 күннен асатынын атап өтті.

Осы жылдың басында коллекторлық агенттіктерге 402 млрд теңгеге 811 мың шарт бойынша берешек берілді. Бір жыл ішінде ол 2,1%-ға азайды (2021 жылғы 1 қаңтарға-795 мың шарт бойынша 410,7 млрд теңге). 2022 жылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша, осы ұйымдарға 444 млрд теңгеге 915 мың шарт өткен, – деп хабарлады агенттікте.

Берешектің жалпы көлемінің шамамен 89%-ын немесе 395 млрд теңгені банктер алдындағы міндеттемелер, 5%-ын немесе 24 млрд теңгені – микроқаржы ұйымдары алдындағы, 6%-ын немесе 25 млрд теңгені өзге ұйымдар алдындағы міндеттемелер құрайды.

Агенттік 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың несиелер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілгенін еске салды.

«Қаржы ұйымдары қарыз алушыны мерзімі өткен 20 күннен бастап кешіктірмей хабардар етуге міндетті. Бұдан әрі жеке тұлға 30 күнтізбелік күн ішінде берешекті қайта құрылымдауға қатысты кредиторға жүгінуге және 15 күн ішінде жауап алуға құқылы», – деп түйіндеді қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама