Бизнес орталық, кен орны мен резиденция: Жаңа Қазақстан олигополиядан қандай активтерді қайтарды

Динара Амантай

Соңғы 2,5 жылда олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылған

Коллаж: Halyq Uni

Антикор жыл басынан бастап аяқталған қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңгені өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Агенттіктің мәліметінше, соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін залалды өтеу ретінде Қайрат Сатыбалдыұлы қайтарған жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекетке беру туралы хабарланған болатын. Олардың ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын «Kaisar Tower» бизнес-орталығы бар, ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілген. Сонымен қатар, Темірбек Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді.

Елордада құны 5 млрд теңгеден асатын үш зәулім сарай мүгедек балаларға арналған Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-не берілді. Бұл білім беру жағдайларын едәуір жақсартуға және шығармашылық бастамалардың дамуын қолдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың арқасында Австрия, Франция, Лихтенштейн, Әмірліктер, Түркия, Ресей және басқа елдерден Қазақстанға ақша, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зергерлік бұйымдар түріндегі активтер қайтарылды. Мәселен, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Түркиядан 2,2 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге және басқа елдерден қайтарылды, – делінген Антикор хабарламасында.

Бұдан басқа, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотталған Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекет пайдасына Қостанай облысындағы құны 5,6 трлн теңгеден асатын никель мен кобальттың ірі қорлары бар бірегей «Шевченковское» кен орны берілді.

Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр.