×

«Бастау бизнес»: қанша адамға 1,5 млн теңгенің гранты берілді

Биыл 143,6 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты

 Динара Амантай 12.08.2024 | 14:08
Фото: Halyq Uni

Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 393,4 мың қазақстандық қатысты. 293,5 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 143,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 149,6 мың адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 13,5 мың адам, жастар практикасында 14,7 мың адам, қоғамдық жұмыстарда 97,8 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 6,7 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 258 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 16,7 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 39,9 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 36,1 мыңы оқуды аяқтады. Сондай-ақ, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 49 мың адам қамтылды, оның ішінде 36,1 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды, – делінген министрлік хабарламасында.

Қызмет саласын таңдау мақсатында 134,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мыңнан астам грант беру көзделген. Жылдың басынан 4 361 грант берілді, – делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама