Елімізде орташа жалақы мөлшері өсті

Қымбат Елтайқызы

Қай салаларда артқаны да белгілі болды

фото: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылдың II тоқсанындағы еңбекақы көлемін атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Биылғы жылдың екінші тоқсанда атаулы жалақының орташа мәні 403 251 теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 10,3%, нақты мәнде, яғни инфляцияны ескергенде 1,7%-ға артты.

2023 жылғы сәйкес тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық еңбекақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 23,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,5%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 21,1% салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы 7,2%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 5,6%-ға өсті.

Дей тұра, инфляцияны есепке алғандағы нақты мәндегі еңбекақы көлемі былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда бес салада керісінше төмендеу көрсеткен: әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 8,7%, мемлекеттік басқару және қорғаныста – 3%, денсаулық сақтауда – 2,7%, білім беруде – 1,2%, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсетуде – 0,4%, – деп қосты ведомство.

Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы қаласында – 14,3%-ға, Ақтөбе облысында – 14%-ға, Павлодар облысында – 12,9%-ға байқалды.

Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды еңбекақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылдың екінші тоқсанында 2 есе болды.

Бұған қоса 2024 жылдың II тоқсанында жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) бағалау бойынша 278 296 теңгені құрады.

Медиана еңбекақысы – барлық жұмысшыны екі тең топқа бөледі. Осылайша, адамдардың жартысы сол мөлшерден аз, ал екіншісі көп жалақы алады. Бұл ең жоғары және ең төмен жалақы мөлшерін ескермей-ақ, «орташа» адамның қанша еңбекақы алатынын көрсетеді.